19.07.2024 _ 12:00

Ірі халықаралық компанияларда жұмыс істейтін қазақстандықтар еліміздегі ЖИ дамуына көмектесуге дайын

Жасанды интеллект тақырыбы трендке айналды. Boost жасау және осы саланы дамыту үшін Жасанды интеллект құзыреттер орталығы құрылды. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Рүстем Биғари айтты.

Орталықтың негізгі міндеті – ел ішінде инновациялар мен технологияларды дамыту, бизнес пен қоғамдастықты шоғырландыру.  

«Құзыреттер орталығының бірінші міндеті шеңберінде біз мемлекеттік қызметтерді жасанды интеллект құралдарының көмегімен іске асыруы үшін университеттермен бірлесіп үлкен тілдік модель мен инфрақұрылым жасау үшін жұмыс істейміз. Бұл консорциумға бизнес үлкен қызығушылық танытады. Meta, Google сияқты ірі компанияларда жұмыс істейтін бірқатар маман осы консорциум аясында жұмыс істеуге, ел ішінде көмектесуге және бір үлкен тіл моделін құруға ниет білдіруде. Бұл үлкен әлеуметтік әсер береді», – деді спикер. 

Сондай-ақ ол жасанды интеллект негізінде жүзеге асырылатын көптеген жоба мен кейстерді атап өтті.