Атап айтқанда, бүгінгі таңда кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Баутино портында кемелер қозғалысын басқарудың навигациялық жүйесі орнатылған. Тамыз айында жүйе Құрық портында енгізілді. 2025 жылы Ақтау портында осындай жүйе орнатылады деп жоспарланған. Барлық навигациялық жүйені бірыңғай желіге біріктіргеннен кейін Каспий теңізінің бүкіл қазақстандық секторы бойынша кемелердің қозғалысын цифрлық режимде толық бақылау қамтамасыз етілетін болады.
Су көлігі саласындағы тағы бір перспективті бағыт – өзен кеме қатынасын дамыту. Кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз етумен «Қазақстан су жолдары» мемлекеттік кәсіпорны айналысады. 2024 жылы ішкі су жолдарында 2 млн текше метр көлемінде су түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді, 2,6 мың навигациялық белгі қойылды. Сондай-ақ Орал-Каспий каналының кеме қатынасы параметрлеріндегі кепілді тереңдікті 2,5 м-ге дейін жеткізу жоспарда бар, жалпы кеме қатынасы Ертіс, Орал-Каспий немесе Балқаш бассейндері шегінде жүзеге асырылады. Оның жалпы ұзындығы 2,1 мың шақырымға тең.
«Өзен көлігінің әлеуетін толыққанды пайдалану мақсатында Ертіс трансшекаралық өзенін пайдалана отырып, «Ресей-Қазақстан-Қытай» мультимодальды транзиттік дәлізін құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл Ресей мен Қытайды жаңа көлік қатынасымен байланыстыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда су көлігін жалпы көлік жүйесіне толық тартудың барлық алғышарты бар. Аталған іс-шаралар осы саланың әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді спикер.