23.12.2024 _ 12:20

Биыл Қостанай өңірінде білім беру нысандарын жөндеуге 7 млрд теңге қаражат бағытталды

Қостанай облысында 8 мың орындық 11 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде, алтауы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде салынып жатыр. Биыл Заречное ауылы мен Арқалық қаласында 2 мектеп ашылды. Тағы 4 мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Қалған 5 мектеп 2025 жылы іске қосылады. Ағымдағы жылы 155 білім беру нысанын жөндеуге 7 млрд теңге бағытталды. Бұл жайында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов ОКҚ көшпелі баспасөз мәслихатында айтты.

Өңірде мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейтуге ерекше назар аударылуда. Бір жыл ішінде 1167 орындық 7 балабақша салынды, Қостанай қаласы әуежайының жанында 280 орындық тағы 1-ші балабақшаның құрылысы жалғасуда. 

«Осы жылдың қорытындысы бойынша 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 90%-дан 92,0%-ға дейін өсті, 2025 жылға қарай қосымша 8 мыңға жуық оқушы және 1,5 мың мектепке дейінгі орын құрылатын болады», – деді облыс әкімі. 

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 25 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылысы аяқталды. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту үшін биыл облыста аутизмі бар балаларға арналған орталық алғаш рет ашылды. 30 денсаулық сақтау нысанында 2,3 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға 4,6 млрд теңге бөлінді. Биылғы жылдың қазан айынан бастап облыстың оңтүстік өңірлерінің дәрігерлері үшін көтерме жәрдемақы 5 млн теңгеге дейін, ауылда 7 млн теңгеге дейін көтерілді. 

«Оңтүстік өңірлердің дәрігерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың арқасында олардың облыс бойынша тапшылығы 99 маманға төмендеді. Нәтижесінде, облыста өткізілетін іс-шаралар денсаулықтың негізгі көрсеткіштерінің динамикасына оң әсер етеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда жалпы өлім-жітім 7,7%-ға, нәресте өлімі 2,2%-ға, сондай-ақ онкологиялық аурулардан, туберкулезден, қан айналымы жүйесі ауруларынан және жарақаттаудан болатын өлім-жітім көрсеткіштері төмендеді», – деді спикер. 

Денисов, Қостанай, Қарабалық аудандарында, Қостанай және Жітіқара қалаларында 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, сондай-ақ Қостанай ауданының Заречное ауылында иппотерапия әдісімен дене мүмкіндіктері шектеулі балаларды оңалту және емдеу үшін жабық ат манежі пайдалануға берілді. Амангелді, Әулиекөл, Б. Майлин ауданында, Қарасу, Сарыкөл аудандарында және Рудный қаласында тағы 7 Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Қарабалық ауданында және Меңдіқара ауданының Харьков ауылында, Жангелді ауданының Торғай ауылында жабық хоккей корты салынуда. Жаңа спорт сарайын салу жоспарда бар.