04.06.2026 _ 11:50

Арнайы рейдтер аясында 500-ге жуық заңсыз полигон анықталды

Ғарыштық мониторингпен қамтылатын аймақты кеңейту заңсыз қалдықтарды жоюды уақытылы анықтауға және оны жою бойынша жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Дегенмен, мониторинг нәтижелері кей өңірде қоқыс полигондарын тазарту жұмыстары жеткіліксіз болып қала беретінін көрсетеді. Әкімдіктер қабылдаған шараларға қарамастан, барлық аймақ қоқыс полигондарының алдын алуды және уақытылы тазалауды қамтамасыз ете бермейді. 2026 жылы 15 жергілікті өзін-өзі басқару органының лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, айыппұлдар жалпы сомасы 3,7 млн теңгені құрады. Бұны ҚР ЭТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Кожиков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, қадағалауды күшейту үшін биыл сәуір айында аумақтық экологиялық департаменттерге жауапты тұлғалар тағайындалған Заңсыз қоқыс полигондарын анықтау және жою жөніндегі жедел штаб құрылды. Осы рейдтер аясында қосымша 488 қоқыс полигоны анықталды, оның 94-і жойылды.

«Қоқыс полигондарын жоюдың жай-күйі туралы ақпаратты жаңарту жылдамдығын арттыру үшін ғарыштық мониторинг жүйесіне деректерді енгізу функциясы жергілікті атқарушы органдарға берілді. Аумақтық экологиялық департаменттер анықталған қоқыс полигондарының координаттарын оларды жою және олардың орындалуын бақылау бойынша шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға үнемі жіберіп отырады», – деді Е.Кожиков.

Сонымен қатар заңсыз қалдықтарды жоюдың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарлары жыл сайын құқық қорғау органдарымен және әкімдіктермен бірлесіп бекітіледі. Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін үш мемлекеттік органның қызметкерлерінен тұратын мобильді жұмыс топтары құрылды.

Айта кетерлігі, ғарыштық мониторингтің қамту аясын кеңейту, бақылауды цифрландыру, ведомствоаралық ынтымақтастықты және бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар рұқсат етілмеген қоқыс төгетін орындар санын азайтуға және қоршаған ортаны бақылау тиімділігін арттыруға ықпал етуде.