Оның айтуынша, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру мемлекет пен қоғамның дамуы үшін маңызды. Қызметтерді проактивті форматқа көшіру бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің желісі бойынша бүгінде 45 қызмет көрсетіледі, оның 43-і электрондық форматқа ауыстырылды.
«Өткен жылы шамамен 14 млн қызмет көрсетілді, оның 10-11%-ы – проактивті форматта. Биыл біз проактивті форматтағы қызметтерді 60%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді орталық басшысы.
Цифрландырудың тиімділігіне мысал ретінде мүгедек адамдарға арналған әлеуметтік қызметтер порталын келтіруге болады, дейді Д. Арғындықов. Ол 2020 жылы халықтың осы санатына қолайлы жағдай жасау мақсатында іске қосылды. Биыл 324 мың қызмет көрсетілсе, оның 253 мыңы техникалық оңалту құралдары бойынша .
«Жақын арада әлеуметтік қызметтер порталына қатысты мобильді қосымшаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Мүгедек адамдарды сырттай куәландыру енгізілді. Биыл 154 мың адам куәландырылды, оның ішінде 40 мыңы сырттай куәландырылды. Бұл жалпы санның 26% құрайды», – деді Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басшысы.
Сонымен қатар спикер 4 алаңды қамтитын электрондық еңбек биржасы туралы айтты. Осы жылы қысқа мерзімді оқыту мәселелерін электрондық форматқа көшіру жоспарлануда, электрондық еңбек шарттары жүйесі бойынша мобильді қосымша әзірленуде, «Онлайн-консультант» қызметі кеңейтілуде, «Бизнес-еңбек» платформасы жұмыс істейді.