11.10.2024 _ 15:00

Ауылдарда тұратын 191 жүкті әйел республикалық медициналық орталықтарға жеткізілді

Кез келген сәби өмірге жоспарлы түрде келуі керек. Бұл - еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің басты ұстанымдарының бірі. Қазір ведомство тарапынан барлық нормативтік құжат дайындалған. Бұл құжаттарға сүйене отырып, барлық медициналық мекемеде әйелдерге қажетті медициналық көмектің барлық түрі көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ Министрлік жасөсіпірім қыздардың денсаулығын нығайту, түрлі індеттің алдын алу, кездейсоқ жүктіліктің алдын алу арқылы олардың келешек өмірінде түрлі асқынулардың болуына жол бермеу қағидасын қатаң ұстанады. Бұл жайлы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шакизат Халықова ОКҚ алаңындағы дөңгелек үстел барысында айтты.

Оның мәлімдеуінше, әрбір жүктіліктің қалыпты өтуі үшін жүктілік болмай тұрып, тек қана әйел емес, бүкіл отбасы мүшелері толық тексерулерден өту керек. Зерттеулер нәтижесінде қандай да бір дерт анықталған жағдайда жүктіліктің алдында толық емделіп, сауығып, жүктілікті жоспарлау қажеті. 

«Жүктіліктің алғашқы мерзімінен бастап, 10 апталық мерзімге дейін есепке тұру керек. Есепке тұрған күннен бастап, дәрігердің барлық нұсқауларын толдық орындап отыру әрбір жүктінің міндеті болу керек. Себебі, кез келген жүктіліктің ағымы босанудың нәтижесінің негізгі себебі болып табылады», – деді спикер. 

Жүктілердің босану маршруты, қай деңгейде қандай көмек көрсетілетіні ведомствоның құжаттарында толық көрсетілген. Ауылдық жерлердегі қауптілік факторлары бар жүктілерге облыстың перинаталды орталықтардың бейінді бөлімдерінде түрлі мамандар кеңес береді. Сол арқылы жүктілердің алдағы әрекеттері, босануы жайлы мәселелері дер кезінде шешіледі. Барлық стационарда жүктілерге қабылдау бөлімі деңгейінде шұғыл көмек көрсету алгоритмі толық бекітілген. 

Бүгінгі таңда жүктілердің денсаулық индексі төмендеп отыр. Қосарланған түрлі соматикалық аурулар бар. Олардың көпбейінді ауруханаларға жатқызылып, сонда толық ем қабылдап, босануына жағдай жасалған. Министрлік барлық өңірде ауруханаларда ауыр халде жатқан барлық жүктілер туралы ақпаратты күнделікті бақылауда ұстап отыр. Қажет болған жағдайда, облыстағы профессорлар аудандарға жіберіледі. Санавиация арқылы ауыр халдегі әйелдер орталыққа жеткізіледі. 

Соңғы 9 айдағы статистикаға сәйкес, 1400 әйелге телемедицина арқылы көмек көрсетілді, 191 әйел ауылдық, аудандық, округтық деңгейден облыстық немесе республикалық клиникаларға жеткізіліп, өмірлерін сақтап қалу мүмкін болды.