04.12.2024 _ 15:50

Мектептер жанында білім алудағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсететін 1 мыңнан астам кабинет жұмыс істейді - ҚР ОАМ

Қазақстанда қауіпсіз және эргономикалық білім беру ортасын құру жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлімдеді.

Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық мега-жобасы іске асырылуда, ғимараттар қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталған. Сондай-ақ бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санатқа кіретін отбасылардағы 1,7 млн бала тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Тиісті қаражат мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарты әзірленді, оны 2025 жылғы қаңтардан бастап қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. 

Білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасында балалардың жекелеген санаттарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік мектептерде білім алу кезеңінде қолдау алуға көмек көрсету көзделген. 

«Біз инклюзивті және арнайы білім беруді дамытуға баса назар аударамыз. Арнайы ұйымдар желісі 21-ге ұлғайтылды. Мектепке дейінгі ұйымдардың 69%, мектептердің 88%, колледждердің 80%-ында жағдай жасалған. Мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың 1 мыңнан астам кабинеті жұмыс істейді. 9 мың арнайы педагог жұмыс істейді. Педагог-ассистенттер саны 1 мыңнан 2,5 мыңға дейін өсті», – деді спикер.   

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды үздіксіз сүйемелдеу мақсатында «Бөбек» орталығының базасында үздіксіз инклюзивті білім берудің ұлттық ғылыми-практикалық орталығын құру бойынша жұмыс жүргізілуде.