26.03.2021 _ 13:40

Оқушылар төртінші тоқсанда тәуекел аймағына байланысты оқитын болады

Үкімет жанындағы коронавирустық инфекцияны таратуға жол бермеу бойынша Ведомствоаралық комиссия ұстанымы мен Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес,оқушылардың төртінші тоқсанда оқу форматы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлімдеді.

 


«Облыс немесе елді мекен жасыл және сары аймақтарда орналасқан жағдайда, барлық оқушылар төртінші тоқсаннан бастап оқытудың аралас форматына көшеді. Бұл ретте пәндердің бір бөлігі дәстүрлі форматта, бір бөлігі қашықтан өткізілетін болады. 300 оқушыға дейінгі контингенті бар мектептер оқуын дәстүрлі форматта жалғастырады. «1 сынып – 1 кабинет қағидаты бойынша сыныптарды 25 адамнан артық емес оқытуға жол беріледі. Сабақтың ұзақтығы - 40 мин. Бала ауырған немесе науқастармен байланыста болған жағдайларда, ата-аналардың өтініші бойынша балаларды қашықтан оқыту форматында қалдыруға рұқсат етіледі», - деді ведомство өкілі. 

Қызыл аймақта орналасқан өңірлерде оқыту форматын жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық санитариялық дәрігерлер айқындайды. Мектептерде оқу процесін ұйымдастыру кезінде барлық эпидемияға қарсы іс-шаралар қарастырылатын болады. Асханалардың жұмысы ЖАО шешімі бойынша және санитарлық эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, өңірлік Бас санитарлық дәрігерлердің келісімімен ұйымдастырылады.