29.03.2021 _ 13:40

2020 жылға көлік салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталады.

Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директоры Азамат Садықов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында еске салды. Оның айтуынша, көлік құралдарына салынатын салық көлікті нақты иелену кезеңі үшін есептеледі. Яғни, салық кезеңінің соңына дейін меншік құқығы сатып алынған айдың 1 күнінен бастап, яғни ағымдағы жылдың соңына дейін не меншік құқығы берілген айдың 1 күніне дейін.


«Бұл ретте, салық кезеңі ішінде көлік құралын сатқан жағдайда, нақты иелену кезеңі үшін төлеуге жататын сома көлік құралын тіркеу есебінен шығарғанға дейін бюджетке енгізілуге тиіс», - деді А. Садықов. 


Жеке тұлғалар салықтарды «E-Salyq Azamat» тегін мобильді қосымшасы арқылы, екінші деңгейдегі банктердің бөлімшелерінде немесе төлем терминалдарында қолма-қол ақша қаражатымен, банкоматтар мен төлем терминалдарындағы банк карталарының көмегімен төлей алады.


Салықты төлеу мерзімі биылдан бастап өзгерген. Мәселен, 2019 жылғы көлік салығын 2019 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірмей төлеу керек болатын.