30.03.2021 _ 12:56

Қардың аз түсуіне байланысты биыл құрғақшылық болуы мүмкін - АШМ өкілі

Биыл қуаңшылық болуы мүмкін. Себебі қар аз болды, сондай-ақ, көршілес елдердің су қоймаларындағы су көлемі былтырғы деңгейден аз. Өткен жылы вегетация кезеңінде бірқатар қиыншылықтар туындағаны белгілі. Биыл да осындай жағдай орын алады деген болжам бар. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті, мелиорация басқармасының басшысы Медет Жәдігерұлы журналистің сұрағына берген жауабында осылай деді. АШМ бұл қауіптің алдын алу мақсатында тиісті шараларды қолға алды.
фото с сайта freepik.com

«Ағымдағы жылдың ақпан айында экология министрлігінің бастауымен облыс әкімдіктері, АШМ, су шаруашылығы ұйымдары және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен бірқатар оңтүстік өңірлерде жиналыстар өткізілді. Осы жиналыстардың қорытындысы бойынша су шаруашылығы ұйымдарына биылғы суару кезеңіне дайындалу үшін суару жүйелерін мамыр айына дейін аяқтау тапсырылды. Сондай-ақ вегетация кезеңінде суару, су беру кестесін қатаң түрде сақтау және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне суды көп қажет ететін дақылдар алаңын қысқарту бойынша ұсынымдар берілді», - деді спикер.

Сонымен қатар, қазіргі кезде су қоймаларына су жинау жұмыстары жалғасуда.