30.03.2021 _ 13:40

Қазақстанда электр энергетикалық жүйенің жұмысы тұрақты – ЭМ

Жұмыс істеп тұрған энергия көздері Қазақстан экономикасы мен тұтынушыларының қажеттіліктерін қамтамасыз етуде. 2020 жылдың қорытындысына сәйкес ел бойынша электр энергиясын тұтыну 107,3 млрд. кВтсағ. құрады, отандық электр станциялары – 108 млрд. кВтсағ. электр энергиясын өндірді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Энергетика вице-министрі Қайрат Рахимов мәлімдеді. Оның айтуынша, электр энергиясын өндіруді әртүрлі меншік нысанындағы 179-дан астам электр станциясы, негізінен жеке меншік нысанындағы электр станциялары жүзеге асырады.

«Елімізде электр станцияларының жалпы белгіленген қуаты 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 23,6 мың МВт құрайды. Қолда бар қуаты 19,7 мың МВт. Бұл ретте 2020 жылғы қарашада электр жүктемесінің жылдық максимумы 15,6 мың МВт құрады. Өндіру құрылымындағы отын түрлері бойынша генерациялайтын көздердің үлесі келесідей: көмір – 68 %, газ – 20,0%, су электр станциялары – 9,0 %, жаңартылатын энергия көздері – 3 %», - деді Қ.Рахимов.


Оның айтуынша, бүгінде энергетикалық активтердің қатты тозғаны байқалуда. Энергия көздерінің басым бөлігі өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары іске қосылған. Тиісінше, генерация секторындағы негізгі шығындар оларды жұмыс жағдайында ұстауға бағытталды. 


Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап іске қосылған электр қуаты нарығының арқасында станция активтері жаңартыла бастады. Егер 2018 жылдың қорытындысы бойынша өндіруші қуаттардың тозу деңгейі орта есеппен 58%-дан асса, 2020 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 53%-ды құрады.