01.04.2021 _ 16:20

2025 жылға дейін АШМ 40 бау-бақша отырғызады

2021-2025 жж аралығында 198 млрд теңгеге жеміс-жидек өсіретін 40 бау-бақша салу жоспарланған. Бұл қаражат қандай жемістерді өсіруге жұмсалады? Бау-бақшалар қай өңірлерде орналасады және бұл қандай нәтиже береді? Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында журналистер АШМ өкілдеріне осындай сауал жолдады. Ведомствоның Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің бас сарапшысы Бағдат Рүстемовтың айтуынша, бұл ішкі нарықты жеміс-жидекпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


«Бұл 40 жоба бойынша өсірілетін өнім қарқынды бау өсіру бойынша жоспарланған. Мысалы, алма басым дақыл болып табылады. Оған қоса, алмұрт, шие, алхоры, жүзім, өрік және шабдалы секілді басқа да дақылдар егіледі. Жеміс-жидектер оңтүстік өңірлерде өсіріледі. Атап айтқанда, Алматы, Жамбыл облыстарында, Түркістан және Шымкент қалаларында. Негізінен, 2024 жылға дейінгі жоспар бойынша 6600 мың га алма қарқынды бау егу жоспарланған. Одан бөлек, баулардың өнімі ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Б.Рүстемов.


Спикердің сөзінше, жобалардың нәтижесі 2025 жылдан бастап көрінеді. Өйткені, алма бағы 2-ші жылы ғана өнім бере бастайды. Жалпы, шаруалар жеміс-жидектердің басқа түрлерін де өсіреді.