09.04.2021 _ 11:50

Қала тұрғындарын вакцинациялауға сауда ойын-сауық орталықтары жұмылдырылды – Т.Мұратов

Осы аптада қала тұрғындарын алдын ала жазылу бойынша ғана вакцинациялау басталды. КВИ-ға қарсы вакцинаны алғысы келетіндердің барлығы вакцинацияға АМСК ұйымына өз еркінмен жазылып, екпе алуға шақыруды күтеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов елорда тұрғындарына екпе салдыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырып өтті.


«Халықтың екпе алуына қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірге вакцинация пункттерін қаланың сауда және ойын-сауық орталықтарында орналастырылуда. Қазіргі кезде «Хан-Шатыр» және «MegaSilkWay» сауда орталықтарында барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ескере отырып, халықты вакцинациялауға дайындық жұмыстары жүргізілуде», - деді басқарма басшысы.


Оның айтуынша, сауда орталықтарында 2 бригада түске дейін, тағы екеуі орталық жабылғанға дейін кезекшілік етеді. Бригадалар құрамында дәрігерлер мен медбикелер кіреді.


«Халықты вакцинациямен қамту үшін медициналық ұйымдардағы вакцинация пункттерінің саны 36-ден 100-ге дейін көбейтілді, ал жұмыс істеу уақыты 00:00-ге дейін ұзартылды», - деді Т.Мұратов.