09.04.2021 _ 14:40

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмыс істеп жатқан ғалымдарға барлық жағдайлар жасалуда – БҒМ басшысы

Білім және ғылым министрлігі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмыс органы ретінде бекітілді. Сондықтан ведомство алдындағы ең басты мәселенің бірі еліміздің ғылыми әлеуетін, ғалымдарды осы жұмысқа тарту. Негізі, 11 бағыт бойынша жұмыс тобы құрылып, 57 ғалым жұмыс істеуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жұмыстарға осы мәселемен көп жылдан бері айналысып жүрген ғалымдар, осы мәселені жақсы білетін сарапшылар тартылған.

«Ғалымдарға тиісті жағдайлар жасалуда. Университеттерде жұмыс істейтін ғалымдар бөгде жұмыстардан босатылды. Олар тек осы жұмыспен ғана айналысады. Аймақтарда да осы мәселе бойынша жұмыс топтары, комиссиялар құрылды. Еліміздің ғылыми әлеуеті шоғырланған Алматы қаласында да «Ғылым орда» ғимаратында осы мемлекеттік комиссияның арнайы кабинеті ашылып, жұмыстар ұйымдастырылуда. Бұл ретте әдістемелік мәселелерді анықтау да өте маңызды. Бүгінде критерийлер, қаралатын мәселелер анықталды. Тиісті анықтамалар, брошюралар жасалып, таратылды», - деді ведомство басшысы. 


Сонымен қатар, А.Аймағамбетов жұмыстар ғылыми негізде нақты мұрағаттарға сүйене отырып орындалатындықтан, тиісті рұқсатнама алынғанын атап өтті. Бұл ғалымдарға барлық мұрағаттарда жұмыс істеуге мүмкіндік береді.