14.04.2021 _ 09:40

2020 жылы тұрғын үй құрылысына тартылған инвестициялар артты – ҚР ИИДМ

Биыл Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде. Бүгінде еліміз түрлі салаларда, соның ішінде құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Осы уақыт аралығында 170 млн шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салынып, 1,6 миллионнан астам азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті. 2020 жылы республика бойынша 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, 140 мыңнан астам тұрғынжай пайдалануға берілді.

«Тұрғын үй құрылысына инвестициялар 2019 жылмен салыстырғанда 33,6% - ға өсіп, 2 трлн теңгені құрады. Мемлекеттік қаражаттың 1 теңгесіне 5 теңге жеке инвестициялар тартылды. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2021-2025 жылдар аралығында 103 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Ағымдағы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша құрылыс саласында енгізілген локдаундарға қарамастан дамудың оң серпіні байқалады. Құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13% артты. Құрылыс белсенділігінің өсуі Маңғыстау облысын қоспағанда, 16 өңірде байқалады», - деді Қ.Өскенбаев. 


ҚР ИИДМ мәліметінше, ағымдағы жылдың 1 тоқсанында 2,9 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 8,6% - ға жоғары, 23 663 тұрғынжай пайдалануға берілді.


 Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысын ынталандыру және құнын арзандату мақсатында мемлекет тұрғын үй құрылысы салынатын аудандарды, оның ішінде азаматтарға жеке құрылыс салу үшін бөлінетін жер учаскелерін инженерлік желілермен жабдықтайды. 


2021-2025 жылдары 235 мың жер учаскесін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарлануда.