14.04.2021 _ 09:45

Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау тетігі қарастырылған

Тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны жыл сайын орта есеппен 50 мыңға өсіп, бүгінде 559 мың адамды құрайды. Отбасы мүшелеріне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс мөлшерінен төмен табысы бар кезекте тұрғандар тұрғын үйді субсидиялау тетігі арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев хабарлады. Негізінен бұларға көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтары жатады. Табысы 1 ең төменгі күнкөріс мөлшерінен жоғары кезекте тұрғандар жаңа тұрғын үйге жеңілдетілген несие алу арқылы тұрғын үй сатып алады.
фото с сайта freepik.com

«Тұрғын үй саясатын дамытудың жаңа бағытымен Мемлекет басшысының тапсырмасымен кезекте тұрғандар үшін тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау тетігі қарастырылған.
Бұл тетікте жалға берілетін тұрғын үй пулдарын қалыптастыруды және жалға алушылармен шарттар жасай отырып, тұрғын үй қорын басқаруды Бірыңғай оператор жүзеге асыратын болады. Жеке құрылыс салушылармен бірлесіп Бастапқы нарықта жылжымайтын мүліктің әлеуметтік қорлары құрылады. Мысалы, 10 мың пәтерлік тұрғын үй үшін жылына 5,3 млрд теңге мөлшерінде субсидия талап етіледі», - деді бірінші вице-министр. 


Оның айтуынша, тұрғын үй пулдарын қалыптастырғаннан кейін осы қорлардың жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген акциялары кепілдендірілген кірістілігі бар нарыққа ұсынылатын болады. Жалдау ақысын субсидиялау тетігін іске асыру үшін «Отбасы банкі» өкілеттіктерін күшейту ұсынылды. Жалпы, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары үшін - 31, өзге өңірлерде 21 және ауылдық жерде 15 АЕК мөлшерінде жеке тұрғын үй қорының жалдау ақысынан жалға алуды субсидиялау жоспарланған.