15.04.2021 _ 15:45

«Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 649 мың адамға көмек көрсетілді - Е.Біржанов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 5 бағыт бойынша «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруда. Оның аясында 649 мың адамға көмек көрсетілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте вице-министр Ержан Біржанов мәлім етті. Еңбек дағдыларын дамыту шеңберінде 18 мыңнан астам адам қысқаша курстан өтсе, тағы 18 мың адам техникалық кәсіптік білім алды.

«Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы шеңберінде «Бастау бизнес» жобасы іске асырылды. Оның барасында кәсіпкерлік жайлы көп мағлұмат беріліп, менеджмент, маркетинг сабақтары өткізілді, 45 мың адамға қайтарымсыз грант берілді. Микронесиелер саны 13 мыңды құрады, қосымша 14 мың жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, осал топтағы адамдарға арналған жұмыс орындарын субсидиялау бағыты бойынша 150 мың адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Жастар арасында жұмыссыздықты азайту мақсатында «Жастар практикасы» енгізілді. Былтыр 34 мың адам жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орнына 19 мың адам орналасты», - деді ведомство өкілі.


«Еңбек» бағдарламасының 4-бағыты Еңбек ресурстарының ұтымдылығын арттыру бойынша оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге еңбек ресурстарын тарту қарастырылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1600 отбасы немесе 5800 адам солтүстікке қоныс аударды. Оның ішінде 3 мың адам еңбекке жарамды болып табылады. Бағдарламаның соңғы бағыты - тұрақты жұмыспен қамту шаралары. Ол бойынша 319 мың адам жұмысқа орналастырылды.