20.04.2021 _ 12:33

Коронавирустық пандемия жағдайында эксаумақтылық принцип өзекті болды -нотариаттық палатаның басшысы

Заңға енгізілген жаңашылдықтардың бірі эксаумақтылық принцип. Бұл азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдеп, басқа аймақтағы кез келген жылжымайтын мүлікті тұрғылықты жерінде рәсімдеуге мүмкіндік береді. Бұл пандемия жағдайында аса өзекті болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Республикалық нотариаттық палатаның төрайымы Әсел Жанәбілова мәлім етті.

«Азаматтық кодекстің 152-бабында бекітілген Қазақстанда электрондық құжат айналымын белсенді дамыту нотариустың ЭЦҚ-ны пайдалана отырып немесе графикалық планшеттің көмегімен электрондық нысанда нотариаттық іс-әрекеттер жасау құқығын заңды түрде бекітуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде, қағаз жүзіндегі құжаттар біртіндеп тарихта қалады, оларды үнемі алып жүру ыңғайсыз, оны бүлдіріп алу немесе бір ғана данасы маңызды құжатты жоғалтып алу қаупі бар. Толық материалсыздандырылған, бірақ қағаз құжат сияқты маңызды электрондық құжат жасау көзделген», - деп атап өтті спикер.

Енді құжаттар QR кодпен қорғалады.


«Практикада қандай да бір құжаттарды тексеру үшін ұйымдар жиі жүгінеді. 1 шілдеден бастап барлық ұйымдар мен банктер азаматтар бізге жүгінген кезде QR-кодтың көмегімен нотариаттық құжаттың дұрыстығын тексере алады», - деп түсіндірді Жанәбілова.