21.04.2021 _ 17:58

Ел бойынша КВИ-мен сырқаттанудың  58%-ы үш өңірге тиесілі – Е.Қиясов

2021 жылдың наурыз айының соңынан бастап Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы байқалады. Өткен кезеңмен салыстырғанда бір аптада сырқаттану  көрсеткіші  46% - ға өсті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов мәлімдеді.

«Наурыз айымен салыстырғанда сәуір айында сырқаттанушылықтың өсуі Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын қоспағанда, барлық өңірлерде байқалады. Бұл ретте ел бойынша сырқаттанушылықтың 58% – ы 3 өңірге-Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына және Алматы облысына тиесілі», - деді Е.Қиясов.

Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, барлық өңірлерде әлеуметтік-экономикалық объектілердің жұмысын шектеу критерийлеріне сәйкес қосымша шектеу шаралары қабылдануда.

21 сәуірдегі жағдай бойынша республика бойынша инфекциялық төсектердің жұмыспен қамтылуы 41% – ды, реанимациялық төсектердің - 28% - ды құрайды. Инфекциялық төсектердің ең көп жұмыспен қамтылуы Батыс Қазақстан облысында және Алматы облысында 58% - дан, Алматы қаласында  55% - дан байқалады. Реанимациялық төсек орындарының ең көп жұмыспен қамтылуы Алматыда - 56% және Нұр-Сұлтан қаласында - 58%.