21.04.2021 _ 18:04

Қазақстан КВИ қарсы вакциналау қарқынын арттыруда – Е Қиясов

Қазақстан Республикасында тәулік сайын 70 мыңнан астам адам коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина алады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов мәлімдеді.

«Вакцинациялаудың өсу қарқыны байқалады, вакцинациялаумен қамту тәулігіне 70 мыңнан астам адамға дейін артты. Бүгінгі күні бірінші компонентпен 766 614 азамат, екінші компонентпен – 126 500 азамат егілді. Қажеттілікті ескере отырып, егу пункттерінің саны тұрақты түрде артып келеді. Қазіргі кезде өңірлерде 1051 егу пунктінде иммундау жүргізілуде», - деді бас санитарлық дәрігер.

Бұдан басқа, шалғайдағы аудандарда, ұйымдасқан ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлерде КВИ-ге қарсы вакцинация жүргізу үшін 303 көшпелі егу бригадасы жұмылдырылды. Иммундау науқанына 10 мыңнан астам медицина қызметкері тартылды.

Жылжымалы медициналық кешендер жұмыс істейді.

ҚР ДСМ мәліметінше, бүгінгі күні өңірлерде шамамен 156 мың доза вакцина бар. Вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.