26.04.2021 _ 12:00

Ұлттық ұланда жеке құрамның 34 проценті екпе алды

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Ұлттық ұланда әскерлерді вакцинациялау өтіп жатыр. Бүгінгі күні жеке құрамның 34 проценті екпе алды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық ұланының баспасөз хатшысы Руслан Жангулин мәлімдеді. Оның айтуынша, әскердегі вакцинациялау науқанын үстіміздегі жылдың 1 маусымында аяқтау жоспарланып отыр.

«Әскерлер біздің аумақтарда полиция департаменттерінің емханаларында және жергілікті жерлердің емханаларында егілуде. Мұның барлығы ерікті түрде жүргізіледі. Сондай-ақ, мерзімді қызметтегі сарбаздар да вакцинациядан өтіп жатыр», - деді ол.  


ҚР Ұлттық ұланы әскери кеңесінің хатшысы Савердин Имировтың мәліметінше, әскери қызметшілерді вацнациялау Ұлттық ұлан басшылардың ерекше бақылауына алынды. Бүгінде 10 608 адам вакцинаның 1-ші компонентін, 606 адам 2-ші компонентін алды. Вакцинациялау күнделікті міндеттерді атқару спецификасына қарай жүргізіледі және кесте бойынша өтіп жатыр.