30.04.2021 _ 12:20

Вакцинация паспорты «Ashyq» қосымшасымен біріктіріледі — А. Цой

Бүгінде бүкіл әлем тек вакцинацияның карантинсіз өмірге оралуға мүмкіндік беретінін түсінді. Бүгінгі күні еліміз бойынша 1 184 124 адам бірінші компонентпен және 239 965 адам екінші компонентпен вакцинацияланды. Халықты вакцинациялаумен барынша қамтамасыз ету үшін 1 мыңнан астам егу пункті ашылды және 400 жылжымалы/көшпелі егу пункттері іске қосылды. Жаппай вакцинациялауға 11 мыңға жуық медицина қызметкері тартылды. Вакцинация елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Алексей Цой халықпен есептік кездесуінде мәлімдеді.

Ол халықтың иммунопрофилактикасы үшін e-gov mobile «Вакцинация» сервисін, sms-хабарламаларды, жеке кабинетті пайдалану, сондай-ақ «Цифрлық құжаттар» сервисінде вакцинация паспортын енгізу арқылы IT-технологиялардың мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылатынын айтты. Болашақта вакцинация паспортын қолдану кеңейтіледі. Вакцинациялау жүргізу туралы деректер электрондық форматта орналастырылады. Бұл вакциналанғандардың санын есепке алуға және вакцинация көлемін жоспарлау және сырқаттанушылықты болжау үшін болашақта халықтың иммундық мәртебесін қадағалауға мүмкіндік береді. 


«Вакцинация паспорты мынадай деректерді қамтиды: адам қандай препараттар алды, қандай дозаларда, қандай күндерде, құжатты талап ету орны бойынша көрсетуге және QR-кодтың көмегімен қолжетімділікті ашуға мүмкіндік береді. Вакцинация паспорты вакцинаның 2 компонентін алғаннан кейін беріледі»,-деді Цой бірден көпшіліктің қызығушылығын тудырған сұраққа.


Вакцинация паспортын біріктіру үшін IATA халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен ынтымақтастық мәселесі қарастырылуда. Ал 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап вакцинация паспортын «Ashyq» қосымшасымен біріктіру жүзеге асырылады. 


«Шектеу шаралары мен бизнес жұмысы арасындағы теңгерімді орнату мақсатында 2021 жылдың қаңтарында"Ashyq" мобильді қосымшасын енгізу бойынша пилотты іске асыру басталды. Бұл қосымша республиканың барлық өңірлеріне ауқымдандырылған, бұл оның қатысушыларына шектеу шаралары режимінде жұмыс істеуге мүмкіндік берді. "Ashyq" денсаулық және сұлулық, көлік, мәдениет, қоғамдық тамақтану, ойын - сауық объектілерінде, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда, банктерде, ХҚКО мен ЖОО – да жүзеге асырылады»,- деп еске салды министр. 


Вакцинация паспортымен қатар жылу карталары енгізіледі. Бұл телекоммуникациялық деректер базасында пандемия кезеңінде қаланың белсенділігін талдау жүйесі. Жылу карталары тұрғындардың шоғырлану орындарын, шұғыл қызметтерге қоңырау шалу орындарын, облыстық көші-қон ағындарын анықтауға мүмкіндік береді. Жылу карталарын пайдалану бойынша пилоттық жоба Алматы қаласында іске асырылуда.