05.05.2021 _ 11:40

ТЖМ табиғи өрттердің алдын алу шараларын жүргізуде

Еліміздің өңірлерінде табиғи өрттерді уақытылы анықтау үшін «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-мен ғарыштық мониторинг бойынша шарттар жасалды. Нәтижесінде республика көлеміндегі орман өрттерін дер кезінде анықтау мүмкіндігі пайда болды. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл сайын жүргізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов мәлім етті. Оның айтуынша Төтенше жағдайар министрлігі әкімдіктермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, алдын алу шараларының жоспарын бекітті.

 «Заңнамаға сәйкес дала өрттерін сөндіру әкімдіктердің құзыретіне кіреді, ал орман өрттерін жою – жергілікті биліктің және Экология министрлігінің табиғатты қорғау мекемелерінің өзара жауапкершілігі аймағына берілген. Ведомствоаралық жоспарға сәйкес профилактикалық сипаттағы іс-шаралар іске асырылуда. Өңіраралық сипаттағы орман – дала өрттерін жоюдың үкіметтік жоспарында көзделген күштер мен құралдар қайта қаралып, шамамен 43 мың адамды қамтыды, 9 мыңнан астам техника бірлігі, су ағызу құрылғылары бар 10 тікұшақ және 46 өрт сөндіру пойыз қамтылды. Министрлік ірі өрттер туындаған жағдайда, жүріп өту мүмкіндігі жоғары және сыйымдылығы үлкен өрт автоцистерналарымен жарақтандырылған табиғи өрттерді 14 тәулікке дейін автономды режимде сөндіруді жүзеге асыруға қабілетті мемлекеттік өртке қарсы қызметтің жиынтық жасақтарын жергілікті жерлерде қосымша құрды», - деді ведомство өкілі.


ТЖМ мәліметінше, жыл сайын елімізде шамамен 4 мың табиғи өрт, 3 500 дала өрті болады. Көбінесе өрттің ауданы 180 мың гектардан асады, залал 200 миллион теңгені құрайды.