13.05.2021 _ 15:40

Биржалық индикаторлар мұнай өнімдерінің бағасын бақылауды қамтамасыз етеді

Бәсекелестікті дамыту жөніндегі заң жобасы Үкіметтің қарауына енгізілді. Құжат базалық тауар нарықтарындағы бәсекелестікті дамыту үшін негіз болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов мәлім етті.

Ұлттық жоба кәсіпкерлер санын өсіруге және тең жағдай жасауға бағытталған.


«Ол биржалық сауданы, электр энергиясы нарығындағы бәсекелестікті дамытуды және мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтуды көздейді. Отын-энергетикалық кешен нарығында ірі компаниялар жұмыс істейді. Сондықтан ресурстарға қолжетімділік шектелген. Биржалық сауда шағын компанияларға бензинді, авиакеросинді, дизель отынын, битумды делдалсыз сатып алуға мүмкіндік береді. Жеткізушілер саны артады, бәсекелестік күшейеді. 2025 жылға қарай сауда-саттық көлемі 20 пайызды құрайды. Сондай-ақ биржалық индикаторлар құрылатын болады. Бұл мұнай өнімдерінің бағасын бақылауды қамтамасыз етеді», - деді Р.Ахметов.


Ұлттық жобада электр энергиясының сауда-саттық көлемін 30 пайызға дейін арттыру, жеткізушілерді ауыстыру тетігі көзделген. 


«Тұтынушы жеткізушіні таңдай алады. Мемлекеттік тапсырмалардың санын 20 пайызға дейін төмендету ұсынылады. Осыған байланысты 18 млрд теңгеге қызметтер конкурс арқылы сатып алынады. Кемінде 10 мемлекеттік оператор қысқартылады. Демек, 42 млрд теңге конкурсқа беріледі. Бір көзден мемлекеттік сатып алудың 5 негізі алып тасталады. Мұнда 4 млрд теңге конкурсқа берілетін болады. Бұл тек негізгі жобалар», - деді спикер.