14.05.2021 _ 12:00

МСМ: Келісу процедураларынсыз салынған мазарлар заңсыз болып табылады

Ұлытаудағы «Жошы хан күмбезі» тұрған аумақ - республикалық тарихи маңызы бар жер. Мемлекет қорғауында, Мәдениет министрлігінің қарауында болса да, күмбездің қасында үлкен жаңа мазарлар бой көтеріп жатыр. Жаңа мазарлардың салынуына кім рұқсат берген? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер мәдениет және спорт министріне осындай сұрақ қойды. Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, бұл іс-әрекеттер заңсыз болып табылады.


«Жошы хан мазары – Ұлытау тарихи-мәдени қорық-мұражайының құрамына кіреді. Кесененің аумағына ешқандай келісу процедураларынсыз салынған мазарлар наразылық тудырып жатыр. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңына сәйкес, бұл іс-әрекеттер заңсыз болып табылады. Жерлеуге жер бөлу мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде.  Ескерткіш аумағынан неге арнайы жер телімі берілгенін анықтау қажет. Ұлытау қорық-мұражайының әкімшілігі тарапынан олқылықтар жіберілді, тиісті шаралар қабылданады. Алдағы уақытта осы мазардың тарихи қоры мұражайдың құрамында болғандықтан осы музей әкімшілігің жұмысына қатаң қараймыз, ескерту жасалады», - деді министр. 


Ведомство басшысы атап өткендей, осы маңда күмбезі бар бірінші мазар 1997 жылы салынған. Ал аумақ министрліктің қарауына 2007 жылы берілген.