14.05.2021 _ 15:40

COVID-19 қарсы вакцинаның 1-ші және 2-ші компоненттері арасындағы уақыт аралығының артуы иммундық жауаптың күшіне әсер етпейді – Манар Смағұл

Қазақстанда COVID-19 қарсы вакцинаның бірінші компонентімен 1 790 356 адам егілді, 722 504 адам екінші компонент салдырды. Өңірлерде 798 мың дозадан астам вакцина бар. Қажеттілікті ескере отырып, егу пунктерінің саны артып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми- практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл мәлім етті. Оның айтуынша, өңірлерде иммундау жұмыстары мыңнан астам вакцинация орталығыында жүргізілуде.

«Алаңдаушылық тудырып отырған мәселе, «Спутник V» вакцинасының уақыт аралығы. Бұл аралық Ұлттық эпидемиологиялық және микробиологиялық ғылыми зерттеу орталығы директорының ресми мәліметі бойынша 45 күнді құрайды. Сонымен қатар, 2-ші компонентті 1-ші компонентті салдырғаннан кейін 21 күннен 90 күнге дейін алуға болады. 1-ші және 2-ші компоненттер арасындағы аралықтың жоғарылауы иммундық жауаптың күшіне әсер етпейтінін ескеруіміз қажет. Адамдардың көбінде COVID-19 қарсы вакциналар ауру тудырады деген қорқыныш әлі де бар. Бірақ ұсынылған вакциналардың ешқайсысында COVID-19 тудыратын тірі вирус жоқ. Демек, вакцинадан кейін адам COVID-19 ауруымен ауыра алмайды», - деді маман.


Оның айтуынша, кез келген вакцина секілді COVID-19 жұқпасына қарсы вакциналар да жанама әсерлер тудыруы мүмкін. Оларда көбі жеңіл түрде бірнеше күннің ішінде өздігінен кетеді. Бүгінде жүргізіліп отырған мониторингке сәйкес, Қазақстанда күтілетін реакциялар 0,3% құрайды. Оның ішінде 57% - жалпы реакциялар, 43% – жергілікті реакциялар.