18.05.2021 _ 15:10

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің көлік саясаты жоспарына 2021 жылдың соңына дейін қол қойылады

Одақта бірыңғай көлік кеңістігін және көліктік көрсетілетін қызметтердің ортақ нарығын қалыптастыру мақсатында көліктің барлық түрлерін қамтитын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үйлестірілген көлік саясатын іске асырудың 2021-2023 жылдарға арналған негізгі бағыттары мен кезеңдерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Құжатқа жыл соңына дейін қол қою жоспарланған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова хабарлады.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің көлік саясаты жоспарына 2021 жылдың соңына дейін қол қойылады фото с сайта tks.ru

«Азаматтық авиация саласындағы бұл жоспар әуе кеңістігі арқылы кедергісіз ұшып өтуді қамтамасыз етуді көздейді, ЕАЭО-ға мүше елдердің әуе кеңістігін кесіп өту кезінде қосымша төлемдер алудың болмауына қызмет етеді. Сондай-ақ, жоспар аясында 2021 жылы еуразиялық көлік дәліздері мен көлік байланыстылығын арттыру және тасымалдау үшін оңтайлы маршрутты айқындау үшін маршруттар тізбесі бекітілетін болады», - деп атап өтті спикер.


2020 жылғы 17 қарашада Ресей Федерациясының Ішкі су жолдары арқылы Каспий теңізі порттарынан Қара және Жерорта теңіздерінің порттарына транзиттік өту тәртібін жеңілдетуге мүмкіндік беретін кеме қатынасы туралы келісім ратификацияланды. Өтінімді қарау мерзімі 6 айдан 10 күнге дейін қысқартылды.


Еуразиялық одақ шеңберінде Ақтау және Құрық теңіз өткізу пункттерінде электрондық құжат айналымы жүйесін құру жоспарлануда. Кейіннен оларды Еуразиялық одаққа қатысушы мемлекеттердің теңіз өткізу пункттерінің ұқсас жүйелерімен интеграциялау көзделген. Бұл шаралар теңіз қатынастарында жүктерді тасымалдау кезінде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.