18.05.2021 _ 15:40

2020 жылы АӨК өнімдерінің экспорты 1,5 еседен астам ұлғайды

ЕАЭО туралы шартқа сәйкес келісілген агроөнеркәсіптік саясат іске асырылуда, оның мақсаты мүше мемлекеттер субъектілері арасындағы әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету, ресурстық әлеуетті тиімді іске асыру, ортақ аграрлық нарыққа қол жеткізудің тең жағдайларын жасау болып табылады. Барлығы 7 басым бағыт бар, олардың әрқайсысы бойынша белгілі бір атқарымдар бар. Мысалы, АӨК-те орта мерзімді перспективаға арналған тұтас болжамдау жүйесі қалыптасты, тұқым мен асыл тұқымды өнім өндіруге және айналысына қойылатын талаптарды біріздендіруге бағытталған екі салалық келісім қабылданды, экспортты дамыту саласында келісілген іс-қимылдарды қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде, 6 техникалық регламент қабылданды, 2 техникалық регламент пысықтау сатысында қабылданды. Бұл қадамдар қазірдің өзінде оң нәтиже беруде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Манатаев мәлім етті.
фото с сайта agrovestnik.ru

«Пандемия жағдайында экономикалық өсу қарқынының баяулауына қарамастан, Қазақстанда 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 5,6%-ға ұлғайды, ал ЕАЭО елдері бойынша орташа алғанда бұл көрсеткіш бар болғаны 2,3%-ды құрады. 2020 жылы АӨК өнімдерінің экспорты 2016 жылмен салыстырғанда 1,5 еседен астам өсті және 2,7 млрд АҚШ долларын құрады. Одаққа мүше мемлекеттерге жеткізу көлемі 5 жылдың ішінде 26%-ға өсті", - деп атап өтті спикер.


5 жылдың ішінде Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің нарығына көкөністер экспортының көлемін 4 есе, жемістер экспортын 2 есе, сүт өнімдерін 2,9 есе ұлғайтты. Әлі де әлеуетіміз бар. 

«Қазіргі уақытта аграрлық сектордың дамуына кері әсер ететін бірнеше кедергілер бар. Бұл кедергілердің негізгі көлемі фитосанитариялық және ветеринариялық-санитариялық бақылау, сондай-ақ техникалық реттеу салаларында туындаған. Алдағы жұмыс шеңберінде біз оларды жою жөніндегі жұмысты жандандырамыз, Қазақстанның экспорттық әлеуетін іске асыруды, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ірі сауда желілерімен келіссөздер жүргізу және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу және көтерме-тарату орталықтары жүйесін дамыту, сондай-ақ ғылыми - инновациялық қызмет саласындағы ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отырмыз, - деп түйіндеді АШМ өкілі.