20.05.2021 _ 12:10

Жалақы бойынша сәйкессіздік 2020 жылы бір мекемеде бір адамнан ғана анықталды - ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы

Үш жылда 30-дан астам шетел жұмыс күшін тартатын 172 кәсіпорында еңбек, көші-қон және жұмыспен қамту заңнамаларының сақталуына тексеру жүргізілді. Бұған жұмысшылардың жалақы бойынша сәйкессіздігі себеп болды. Нәтижесінде 1762 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде, 2019 жылы жалақы бойынша сәйкессіздік жағдайлары 479 болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш бір мекемеден бір адамнан ғана анықталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЕХӘҚ министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов хабарлады.

«2021 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша республикада шетел жұмыс күшін тартатын 1 718 кәсіпорында 478 407 қазақстандық пен 15 443 шетелдік азамат жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындардың 100-ге жуығы мұнай газ және сервис саласында қызмет атқаруда. Онда еңбек ететін қазақстандықтардың үлесі 97 пайызды немесе 156 мың жұмыскерді құрайды», - деді Бас мемлекеттік еңбек инспекторы журналистің сұрағына берген жауабында. 


Оның айтуынша, шетел азаматтарын жұмысқа тартып жатқан компаниялар Қазақстан заңдарына сәйкес шараларды қабылдап, заңбұзушылыққа жол бермеуге тырысады.