28.05.2021 _ 12:30

Елімізде өндірілген техниканы субсидиялау 30% дейін көтерілді

Биыл қосалқы бөлшектердің, ауыл шаруашылық техникасының бағасы көтерілді. Бұл ретте министрлік шаруаларға қалай көмектеседі? Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте АШМ өкілдері журналистерден келіп түскен сұрақтарға жауап берді. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, министрлік техникамен айналысатын компаниялармен бағаның көтерілуіне жол бермеу бойынша келісім жасасқан.
иллюстративное фото с сайта kazrost.kz


«Талдау жүргізген кезде техниканың қымбаттауына машина комплект пен металопрокат бағасының көтерілуі себеп болған. Кейбір саймандар шетелден әкелінеді. Бірақ Қазақстан фермерлер одағының, «Атамекен» ҰКП хаттары болғандықтан біз инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгертулер енгіздік. Фермерлерді қолдау мақсатында отандық өндірістен шыққан техниканы субсидиялау 30% дейін көтерілді. Бұрын бұл көрсеткіш 25% құраған. Сондықтан 5% бұл шаруалар үшін үлкен қолдау болады деп ойлаймын», - деді А.Сапаров өз жауабында. 


Оның айтуынша, бұл өзгерістер 24 мамырдан бастап енгізілді. Жалпы, Ауыл шаруашылық техникасының бағасы министрліктің бақылауында.