28.05.2021 _ 13:40

Вакцинация коронавирустың таралмауын қамтамасыз ететін пайдалы шара – ДСМ

Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал тұрақтанды. Бүгінде коронавирус жұқтырудың 381 мың жағдайы зертханалық түрде дәлелденсе, 55024 жағдай зертханалық түрде дәлелденбеген, бірақ коронавирусқа байланысты пневмония жағдайы тіркелген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде 2 076 841 адам COVID-19 қарсы 1-ші дозамен, 1 021 100 адам екінші дозамен егілді. 

«Халық арасында коронавирустан болатын өлім-жітім жағдайын төмендету, ауыр сырқаттанушылық жағдайларын азайтып, тұрақтандыру мақсатында Үкімет және ДСМ тарапынан 3 вакцинаға қолжетімділік қамтамасыз етілді. Вакцинация жұмысы одан әрі тиімді және қолайлы болуы үшін арнайы мемлекеттік мекемелерде, медициналық мекемелердің жанынан 1300-ден аса егу пункті ашылды. Бұған қоса, бизнес және сауда орталықтарында жылжымалы егу пунктері ұйымдастырылды», - деді А.Қуатбаева. 


Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары вакцинация әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан коронавирус жұқпасына қарсы ең тиімді шара екендігін атап өтіп, халықты егілуге шақырды.