31.05.2021 _ 11:40

Қазақстанға шетелдік капитал ағынының төмендеуін 30%-ға дейін бәсеңдете отырып, $17,1 млрд тікелей шетелдік инвестиция тартылды

«Пандемия кезінде бұрын-соңды болмаған дағдарыс әлемдегі сауда-экономикалық қатынастардың архитектурасына айтарлықтай өзгерістер енгізе отырып, «мінсіз дауыл» алғышарттарын жасады. Өкінішке орай, COVID-19 пандемиясы жаһанданудың қарама-қарсы бағытын белгілей отырып, экономикалық эгоизм, регионализм, протекционизм сияқты ескірген құбылыстарды халықаралық тәжірибеде қайта жандандырды. Бұл әлемдегі тікелей шетелдік инвестициялар ағынына әсер етті», - деп бастады өз баяндамасын Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров.

Осылайша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша жаһандық экономикадағы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 42%-ға қысқарды. Әсіресе, шетелдік инвестициялар көрсеткіштері 77% - ға дейін апатты құлдыраған өтпелі экономикасы бар елдерге дағдарыс теріс әсер етті. Сонымен қатар, бастамашыл жаңа жобалардың жаһандық құлдырауы орын алды - олардың саны 2 есеге қысқарды.


«Уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесінде 2020 жылы Қазақстанға шетелдік капитал ағынының төмендеуін 30%-ға дейін бәсеңдете отырып, 17,1 млрд доллар тікелей шетелдік инвестициялар тарту мүмкін болды. Жалпы, соңғы 10 жылда Қазақстанға тартылған жыл сайынғы инвестициялар ағымы 2015 және 2020 жылдардағы дағдарыстарды қоспағанда, орта есеппен 22-24 млрд долларды құрады. Сонымен қатар, өткен жылы біздің күш-жігеріміз пандемия кезеңіне дейін іске асырылған жобалардың тоқтап қалуына жол бермеуге бағытталған болатын. Нәтижесінде, шетелдіктердің қатысумен жалпы сомасы 1,6 млрд доллар болатын, 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылған 41 инвестициялық жобаның пайдалануға берілгенін атап өтуге болады», - деп түйіндеді спикер.


Аталған жобалардың ішінде Түркістан облысында жаңа әуежайдың, Ақтауда қонақ үй кешенінің, Жамбыл облысында СЭС құрылысы, сондай-ақ Қарағанды облысында техникалық газ өндіру бар.