31.05.2021 _ 15:50

Қазақстанда балалар үйлерінің саны азайды

Отбасында өмір сүру және тәрбиелеу құқығы - әр баланың құқығы екендігі сөзсіз. Қазақстанда 23 мыңға жуық жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Тек 4 мыңы ғана Балалар үйінде тұрады. «Ия, бұл көрсеткіш аз емес, бірақ ол жылдан жылға азайып келеді. Қарапайым статистика келтіріп өтейін: соңғы 10 жылда жетім балаларға арналған ұйымдар саны 114 бірлікке қысқарды, бүгінде 96 ұйым жұмыс істейді және осы ұйымдардың тәрбиеленушілер контингенті 10 мыңға қысқарды»,-деді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
иллюстративное фото с сайта cabar.asia

Оның айтуынша, мемлекет балалар үйлерін өмірдің қиын жағдайында қалған балаларды қолдау орталықтарына айналдыруда. Әрбір балаға, ең алдымен, баланы өзінің туған отбасымен біріктіруге немесе баланы отбасына орналастыруға бағытталған кешенді көмек көрсетіледі.


«Балаларды отбасыларға орналастырудың жаңа нысандары енгізілді. 2017 жылы асырап алушы отбасы және қонақ отбасы сияқты нысандар енгізілді. Бала асырап алушы отбасыларға, қамқоршыларға, патронат тәрбиешілерге бала тәрбиесінде қаржылық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, 2017 жылдан бастап жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың республикалық деректер банкі енгізілді. Осы банктің арқасында балаларды асырап алу және отбасыларға орналастыру рәсімі айқын, ашық болды, яғни үміткерлерге бала кезегінде тұрудың қажеті жоқ, әркімнің жеке кабинетіне кіру мүмкіндігі бар және әркім өз облысында ғана емес, бүкіл республика бойынша өз баласын көріп, «тауып», таныса алады», - деді спикер жақсы үрдіс туралы айта келе.


Республиканың 10 өңірінде өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдаудың 18 орталығы жұмыс істейді. Мамандар тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ ересектердің қатыгездігінен зардап шеккен балаларға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсетеді.