04.06.2021 _ 12:10

Бірыңғай дистрибьютор өңірлерге 4,4 млн доза вакцина жеткізді

Мемлекет басшысының 1 ақпандағы жаппай вакцинациялауды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Денсаулық сақтау министрлігі «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы арқылы COVID-19 қарсы вакцинасын сатып алды. Бүгінгі таңда өңірлерде халық 4 вакцинадан таңдай алады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев мәлім етті.
фото с сайта freepik.com

«Гам-Ковид-Вак (Спутник V) 10,3 млн доза көлемінде сатып алынды, оның ішінде ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап өңірлерге бірінші компоненттің 1,9 млн дозасы және екінші компоненттің 1,4 млн дозасы жөнелтілді. 10 маусымға дейін бірінші компоненттің 1,2 млн дозасын және екінші компоненттің 525 мың дозасын жөнелту аяқталады. QazCovid-in-нің (QazVac) өңірлерге 100 мың дозасы жеткізілді. Келесі жеткізілім маусым айының соңына дейін жүзеге асырылады. Hayat-Vax-ты «Самұрық-Қазына» сатып алғаны өздеріңізге белгілі, өңірлерге 1 млн доза көлемінде тиісті логистика жүзеге асырылады. Сондай-ақ, өткен аптада бюджет қаражаты есебінен Coronavac вакцинасының 500 мың дозасы сатып алынды және 12 маусымнан кейін өңірлерге жеткізіледі деп күтілуде», - деді спикер.


Осылайша, бүгінгі таңда өңірлерге COVID-19 қарсы вакцинаның 4,4 млн дозасы жеткізілді. Вакциналарды аймақтарға үлестіру ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылады.