04.06.2021 _ 15:30

Бөлшек сауда желісінде дәрі-дәрмек бағасын көтеру фактілері тіркелген жоқ – Н. Асылбеков

Өткен жылы дәріханаларда ковидке қарсы препараттар бағасы 20 мың теңгеге жетті. Мемлекет араласуға, шектеулер енгізуге мәжбүр болды. Бүгін жағдай қалай болып жатыр? Жағдай бақылануда. Бағаны көтеру фактілері тіркелген жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы Нұрлыбек Асылбеков мәлімдеді.


Оның айтуынша, COVID-19 емдеу хаттамасында ұсынылған дәрі-дәрмек дәріханаларда бар, шағымдар жоқ, баға диапазонының боулына және сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіледі. 

«Бағаның «ауытқығанын» білесіздер, сондықтан екі жыл бұрын бағаны мемлекеттік реттеу туралы шешім қабылданды. Бұл басқа мемлекеттерге қарағанда, сондай-ақ олардың өндірісі, жеткізілуі, шығыстары ескеріле отырып, референттік түрде жүргізіледі. Бізде болған жағдайға және бағаның көтерілуіне байланысты ковидке қарсы препараттардың бағасын төмендету туралы шешім қабылданды. Өткен жылдың соңында нормативтік-құқықтық актілер қабылданды, шекті бағалар реттеудің ерекше тәртібімен төмендетілді: маркетингтік шығыстар, үстеме бағалар екі есеге төмендетілді. Денсаулық сақтау жүйесінде қолданыстағы Денсаулық туралы кодекске сәйкес, жылына екі рет шекті бағалар бекітіледі. Келесі айдың ішінде жаңалары бекітіледі деп ойлаймын», - деді спикер.


Айта кетейік, Қазақстанда 7 мыңнан астам дәрі тіркелген. Баға көрсеткіші бойынша реттелетін 370 препараттың бастапқы тізімі 160 атауға дейін қысқартылды.
Өткен жылы мониторингтік топтардың жұмысы нәтижесінде қиын жағдайда пайда тапқысы келген дәріханаларға шамамен 250 млн теңге айыппұл салынды.