09.06.2021 _ 15:50

АӨК инвестициясының жалпы көлемі жоспарлы мәннен үштен бірге асып түсті - Ауыл шаруашылығы министрі

Былтыр 20 млн тоннадан астам дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бастырылды. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған жалпы бидай көлемінің 80%-ы 1-3-сыныптарға жатқызылды. 2019 жылы бұл көрсеткіш 50%-ды құраған. Тиісінше, 4-сыныпты бидайдың үлесі 2019 жылғы 27,7%-дан 13,4%-ға, ал 5-сыныпты бидайдың үлесі 10,7%-дан 5%-ға төмендеді. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Орталық коммуникациялар қызметінде халық алдында есеп беру кездесуінің қорытындысы бойынша өткен брифинг барысында осындай көрсеткіштерді жария етті. Оның айтуынша, өткен жыл нәтижелі болды.


«2020 жылдың қорытындысы бойынша ірі қара мал басы 7,8 млн. басты құрады, бұл 2019 жылдың деңгейінен 5,6%-ға көп, қой мен ешкі басы 4,7%-ға, жылқы басы 10,1%-ға, түйе басы 5,2%-ға артты. Тиісінше мал шаруашылығы өнімдері – ет 4,3%-ға, сүт 3,2%-ға ұлғаюда. Нәтижесінде жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2020 жылы 5,7%-ға артып, 6,3 трлн. теңгені құрады. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең үлкен өсім. Тамақ өнімдерінің өндірісі 4%-ға өсті», - деді ведомство басшысы. 


Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар ағыны 15%-ға, тамақ өнімдері өндірісіне тартылған инвестициялар ағыны 13,5%-ға артты. Агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялардың жалпы көлемі 677,2 млрд. теңгені құрады, бұл жоспарлы мәннен үштен бірге артық. Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 22%-ға артып, 1,3 млрд. АҚШ долларын құрады.