10.06.2021 _ 12:00

Сумен қамтамасыз ету Қызылорда облысындағы ең өзекті мәселелердің бірі – Г.Әбдіқалықова

Сырдария өзеніндегі судың аздығы біраз тірлікке салқынын тигізе бастады. Әсіресе, егінмен күн көріп отырған шаруалардың алаң көңілі басылар емес. Бұл мәселе қалай шешіледі? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға осындай сұрақ қойылды. Облыс басшысының айтуынша, Үкімет және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі көрші елдермен жеке келіссөздер жүргізуде.


«Қызылорда облысы Сырдария өзенінің төменінде жатыр. Сондықтан өңірді сумен қамтамасыз ету, судың деңгейі көрші елдерге байланысты. Қазіргі кезде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттері де су тапшылығын сезініп отыр. Мәселен, Қырғызстандағы «Тоқтағұл» қоймада жылына 15 млрд текше метр су жиналу керек болса, қазір бар болғаны 7-8 млрд. текше метрді құрап тұр. Бүгінде бірнеше келіссөз өтті. Су транзит арқылы өтетіндіктен үш жақты келісімдер жасау маңызды. Біз бұл туралы барлық ұсыныстарымызды бердік», - деді өңір әкімі өз жауабында. 


Оның айтуынша, қазіргі кезде облысқа секундына 555 текше метр су келіп жатыр. Бұл күріш бастыруға мүмкіндік берді. Экология министрлігі, Үкіметпен, әсіресе, шілде айында күріш, басқа да дақылдарды сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастырады. Арнайы штаб құрылып, жағдай күнделікті бақылауға алынды, аудан, аудан ішіндегі шаруашылық бойынша кезекшілік белгіленді. Ең бастысы келген суды бірқалыпты шаруашылықтарға бөлу.