10.06.2021 _ 12:40

2022 жылдың соңына дейін 79 жаңа мұнай-газ ұңғымасын бұрғылау жоспарлануда – Г. Әбдіқалықова

Қызылорда облысында жұмыс істеп тұрған кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндіру көлемінің қысқару үрдісі сақталып отыр. Ағымдағы жылдың 5 айында 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіру 9% - ға төмендеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова хабарлады. Ол бірден мәселені шешу бойынша шаралар қабылданып жатыр деп сендірді.
2022 жылдың соңына дейін 79 жаңа мұнай-газ ұңғымасын бұрғылау жоспарлануда – Г. Әбдіқалықова

«Қазір Қызылорда облысының мұнай-газ саласын дамытудың 2021-2022 жылдарға арналған Жол картасы әзірленуде, оған сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар 79 жаңа мұнай-газ ұңғымасын бұрғылауды жоспарлап отыр. Бұдан басқа, ағымдағы жылы Арал теңізі акваториясының «Батыс» және «Шығыс» учаскелерін, сондай-ақ Сырдария шөгінді бассейні аумағының бір бөлігін сейсмикалық барлау бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталады. 2022 жылы жұмысты тікелей өзіміз бастауды жоспарлап отырмыз», - деді әкім.


Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы аясында құны 543 млрд теңгеден асатын 41 инвестициялық жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысын бастау жоспарланған.