«Маңғыстауда агроөнеркәсіп кешендерін дамытуға басымдылық беріліп келеді. Биыл 5 айда ауыл шаруашылығында 5,1 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 3% құрады. Осы жылы ауылшаруашылығы саласында жалпы 8 млрд. теңге болатын 10 жобаны жүзеге асыру арқылы 200-ге тарта жұмыс орнын құру жоспарланған. Жақында ашылған құс фабрикасында жылына 5 мың тонна тауық еті өндіріледі. Аталған кәсіпорын болашақта тауық етіне деген ішкі сұраныстың 50% қамтамасыз етеді деп күтілуде. Сонымен қатар, Мұнайлы ауданында 15 мың тонна құрама жем шығаратын зауыт іске қосылды», - деді өңір әкімі.
Бұдан бөлек, жылыжайлар алаңын жыл сайын 7 га ұлғайта отырып, бақша және көкөніс өнімдерін 10% көбейту көзделген. Осы мақсатта, қазіргі таңда «АктауГринХаус» компаниясы мен жергілікті кәсіпкерлерге жылыжай алаңдарын көбейту үшін арнайы жер телімі беріліп, тиісті жұмыстар басталып кетті. Аталған жылыжай іске қосылған жағдайда кемінде 22 мың тонна өнім алуға болады. Бұл ішкі нарықты өніммен қамтамасыз етуді 35 – 40%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
С.Трұмов өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайынғы әлеуметтік маңызы бар тауарларға тұрақтандыру қоры қалыптастырылатынын атап өтті. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 11 түрі бойынша 2 мың тонна өнім қоры жасақталды.
Аталған азық-түлік бағаларын төмендету және ұстап тұру мақсатында облыстағы барлық сауда желілерімен меморандумға қол қойылды. Сауда орындарында қолжетімді бағамен сатылатын «әлеуметтік бұрыш» жобасы іске қосылды. Сонымен қатар, облыста балық шаруашылығын дамытуға басымдылық беріліп отыр. Биыл осы мақсатта арнайы бағдарлама да қабылданды. Бағдарламаға сәйкес облыста 2030 жылға қарай 100 мың тонна балық өсіріп шығару жоспарланып отыр.