11.06.2021 _ 12:10

Полицейлердің 72% - ы тұрғын үй төлемдерін алу нормасына сай келеді - ІІМ басшысы

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандық полицейлер үшін әлеуметтік көмек топтамасы әзірленді. Біріншіден, еңбекақы үштен бірге өседі, екіншіден, әскери қызметшілердегідей тұрғын үй мәселесін шешуде көмек көрсетіледі.
фото с сайта freepik.com

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, еңбекақыны кезең-кезеңімен көтеру алдағы 3 жылда жүзеге асырылады.


«Бірінші кезекте, төменгі бөлімшелерде: аудандық, саптық бөлімшелер, сержанттар құрамының еңбекақысы көтеріледі. Лейтенант алғашқы қызмет еткен жылы 162 мың теңге, ал учаскелік инспектор 200 мыңға дейін алады. Тұрғын үймен қамтамасыз ету жағынан - полиция қызметкерлерінің 72% - ы тұрғын үй төлемдерін алуға құқылы. Биыл заң қабылданды. 2021 жылдың үшінші тоқсанынан бастап екінші деңгейлі банктер арқылы тұрғын үй төлемдері төленіп, қызметкерлер тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл да саптық бөлімшелерге, учаскелік полиция инспекторларына, жедел-тергеу бөлімшелеріне қатысты. Қалған бөлімшелер бойынша Үкімет қаулысы әлі шыққан жоқ», - деп түйіндеді ведомство басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысушыларының сұрақтарына берген жауабында.