14.06.2021 _ 12:00

Заң жобасына мүгедектігі бар азаматтарды қолдау мақсатында өзгерістер енгізілді – С.Шапкенов

Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар арқылы мүгедектер мәселелері шешіліп жатыр ма? Үкіметтен алатын жәрдемақылар өсе ме? Орталық коммуникациялар қызметінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің халық алдында есеп беру кездесуінің қорытындысы бойынша өткен брифингте осындай сұрақ қойылды. Ведомство басшысы Серік Шапкенов өз жауабында 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар аясында заң жобасы әзірленгенін айтты.

«Заң жобасы Мәжілісте мақұлданып, Сенаттың қарауына ұсынылды. Онда мүгедектігі бар азаматты қолдау мақсатында өзгерістер енгізіліп жатыр. Мысалы, І топтағы мүгедектігі бар азаматтарға оның мүгедектікті қалай алғанына, немесе ауру-сырқатының деңгейіне қарамастан, қосымша ол кісіге күтім көрсету туралы жәрдемақы енгізу қарастырылуда. Екіншіден, бала кезінен мүгедек 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды денсаулығына байланысты жаңа топтарға бөлу. Жәрдемақы балаларға топтарға байланысты көбейеді, себебі бұл жерде дифференциация мәселесі ескеріледі, оның ауру деңгейіне, реабилитациясына байланысты қажеттілігіне қарай топтар бойынша жәрдемақы мөлшері өседі», - деді министр. 


Сонымен қатар, бала кезінен мүгедектігі бар баланы бағып отырған азаматтар, отбасылар тұрғын үй кезегіне тұра алады. Бұрын бала 18-ге толғанға дейін олар тұрғын үй алып үлгермесе, кезек жойылып, ол мүгедектігін алғаннан кейін мүгедектігі бар азамат ретінде кезекке қайта тұруы тиіс болатын. Ал жаңа заң жобасында осы кезектілікті сақтау нормасы енгізіліп жатыр. Тағы бір жаңашылдық жұмыс барысында жүріп, мүгедектік алып қалған азаматтарға құрал-жабдықтар алуға қатысты. Бұрын бұл жұмыс берушіге жүктелетін. Бірақ компания банкротқа ұшырағанда қиындықтар туындайды. Енді бұл мәселемен мемлекет айналысады.