16.06.2021 _ 13:40

«Мың бала» Ұлттық олимпиадасы екі жылда 400 мыңнан астам баланы қамтыды – Ә.Жанғозин

Еліміз тәуелсіздік алғалы дарынды балалар мен жастарды анықтап, оларға қолдау көрсету әрдайым мемлекет басшылығының ерекше назарында. Осы мақсатта 2019 жылдан бері Тұңғыш Президент - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ел Үміті» бастамасы жүзеге асырылуда. Бұл бастама аясында ауыл мектептерінде білім алып жүрген балаларды дамыту және ынталандыру бағытында бірқатар жобалар қолға алынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Елбасы Aкадемиясы» КҚ басқарушы директоры Әнуар Жанғозин хабарлады. Олимпиаданы Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Елбасы Академиясы БҒМ қолдауымен ұйымдастыруда.


«Екі жылдың ішінде олимпиада 400 мыңнан астам баланы қамтыды. Олардың барлығы ауыл мектептерінде оқитын 5-6 сынып оқушылары. Бүгінде өткен жылғы жеңімпаздардың 300-ге жуығы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқып жатыр. Мектеп директорларымен үнемі байланыста болып, олардың оқу үлгерімі жоғары екендігіне көзіміз жетті. Олимпиаданың негізгі үш ұстанымы бар: қолжетімділік, ашықтық және инклюзивтілік. Кез келген ауыл баласына қолжетімді болу мақсатында олимпиадаға тіркеу және тестілеу онлайн өтті. Барлығы қалыс қалмай құлағдар болу үшін Елбасы Академиясының ютуб парақшасында вебинарларды тікелей эфирде өткізіп, Олимпиадаға тіркеу және қатысу жөнінде барлық нұсқаулықтар берілді», - деді Ә.Жанғозин.  


Биылғы олимпиадаға 4 мыңнан астам ауыл мектептерінде оқитын 5-6 сыныптарының 150 мыңға жуық оқушысы тіркелді. I кезеңде оқушылар үйде отырып-ақ тестті тапсырды. Ал интернет жылдамдығы төмен болғандарға мектепке барып тапсыруға мүмкіндік берілді. Деректерге сүйенсек, планшет пен компьютер арқылы тапсырғандар – 29%, ұялы телефон арқылы 75% тесті тапсырған. Сонда басым көпшілігі ұялы телефон арқылы қатысты. Екінші кезең өңірлік тестілеу орталықтарында ұйымдастырылды.