16.06.2021 _ 13:50

«Birge oqý» онлайн мектебінде 1500-ге жуық оқушы білімін жетілдірді

Ауыл мектептерінің оқушыларына сапалы білім беру мақсатында жүзеге асырылып жатқан тағы бір ауқымды жоба Елбасы Академиясының «Birge oqý» онлайн мектебі. Онда «Мың бала» олимпиадасының финалистері мен жеңімпаздары білім алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Елбасы Aкадемиясы» КҚ басқарушы директоры Әнуар Жанғозин мәлім етті.


Оның айтуынша, онлайн мектепте оқушылар синхронды және асинхронды бағытта оқи алады. Жоба пікірталас алаңынан онлайн мектепке дейін кеңейтілді.  

«Пилоттық кезеңде онлайн мектепке «Мың бала» Ұлттық олимпиадасының финалистері болған 3 мыңнан астам ауыл оқушылары қабылданған болатын. Ал қазір 48 топта 1500-ге жуық оқушы білімін жетілдірді. Онлайн мектепті жүзеге асырудың бірнеше бағыты бар. Біріншіден, негізгі пәндерге қосымша білім беру онлайнмен қатар офлайн форматында жүзеге асады. Оқушылар өздріне ыңғайлы бағытты таңдайды. Негізгі пәндер: математика, ағылшын, жаратылыстану, орыс және қазақ тілі. Оқу үрдісі екі ауысым бойынша жүргізіледі. 2020-2021 оқу жылында 9 мыңнан астам онлайн-сабақ өткізілді», - деді спикер.