17.06.2021 _ 11:50

Павлодар облысы қарақұмық дақылдарын егу көрсеткіштері бойынша көш бастады

Павлодар облысында ауыл шаруашылығы дақылдары егілген алқап ауданы 6%-ға өсті. 1,5 миллион гектардан астам жерге дән себілді. Күнбағыс және қарақұмық дақылдары егілген алқаптар ұлғайтылды. Соңғысы 42 мың гектарға егілді. Бұл бүкіл Қазақстан бойынша қарақұмық дақылдары егілген жердің 44% құрайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов мәлім етті.

«Облыстағы экономиканы әртараптандыру ісі агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуеті есебінен жүргізіліп келеді. 2025 жылға дейін өңірімізде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жалпы құны 230 млрд теңгені құрайтын 46 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, оның жартысынан көбі – биыл іске асырылады. Аймақтың азық-түлік тұрақтандыру қорында қазір 6,5 мың тоннаға жуық өнім бар. Ауылшаруашылық тауар өндірушілері мен сауда желілері жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз етіліп, қаражат айналымын өсіру мүмкіндігін алды», - деді облыс әкімі.  


Сонымен қатар, фермерлердің сауда нүктелеріне өнімдерін нарық бағасынан 10-15% төмендетіп беруі жөнінде меморандумдар жасалды. «Өрістен сөреге» қағидаты негізінде жұмыс істейтін фермерлік базарды іске қосу жоспарланған.