18.06.2021 _ 12:50

Елорда маңындағы ауылдар назарда. 2023 жылға дейін 59 жобаны іске асыру жоспарланған

Елорда маңындағы елді мекендерге баса назар аударылады. Биыл 5 айда кешенді жоспар мен қала маңын дамыту аясында инфрақұрылымдық жобаларға 17 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Орталық коммуникациялар қызметінде сөйлеген сөзінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Елорда маңындағы аймақты дамытуға тартылған инвестициялар салымының өсу динамикасын атап өтті.
иллюстративное фото с сайта baigenews.kz


Қаржыландыру 2019 жылы 2 еседен аса артты, өткен жылы екі миллионға артық - 23, 7 млрд теңге бағытталды.

 
«Биыл 70 км сумен жабдықтау желісін (Целиноград, Шортанды, Төңкеріс ауылдары), 36 км жол құрылысы бойынша екі жобаны (Қосшы, Талапкер ауылдары) қайта құру аяқталады. Әлеуметтік нысандар қатарында Целиноград ауданында 4 мектеп және екі балабақша (Қосшы ауылында 1200 орындық, Арайлы ауылында 300 орындық, Өтеміс ауылында 120 орындық, Раздольное ауылында 80 орындық, Қосшы және Қараөткел ауылдарында 280 орындық балабақшалар) ашылып, 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Келесі, 4 кезең аясында кешенді жоспарды жүзеге асыру шеңберінде 430 км ауыл жолдарын жөндеу жоспарланған, жаңа қосалқы станциялардың құрылысы есебінен қала маңындағы Жібек жолы, Жалтыркөл ауылдарының 4 мың абонентін электрмен жабдықтау мәселесі шешілетін болады, тағы 10 елді мекенде орталықтандырылған су тартылады, әрқайсысы Жібек жолы, Жалтыркөл, Шұбар ауылдарында 900 орындық 3 ауыл мектебі салынады», - деді аймақ басшысы.  


Жалпы, алдағы 3 жылда 120 млрд теңгенің 59 жобасын жүзеге асыру жоспарланған.  


Бұдан басқа, Қосшы ауылына облыстық маңызы бар қала мәртебесін беруді қарастыратын алгоритм әзірленді. Елді мекен қарқынды дамып келеді. Ауқымды жұмыстар мен қаржы тарту жұмыстары іс жүзінде өсу қарқынына сәйкес келмейді. Тиісінше, қосымша инфрақұрылым қажет.