21.06.2021 _ 15:50

Елімізде театр өнері саласын дамыту бағытында көп жұмыс атқарылуда – Н.Дәуешев

Бүгінде республикалық, халықаралық, дүниежүзілік деңгейдегі театр фестивальдері өткізіледі. Театр ұжымдары Қазақстанның өңірлеріне, сондай-ақ алыс-жақын шет елдерге гастрольдік сапарлармен барып, көпұлтты қазақстандық театр өнерін таныстырып, насихаттауға атсалысуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов мәлімдеді.

Театрларымыз шет елдердегі беделді халықаралық театр фестивальдерінде сыншылардың жоғары бағасын алып, басты жүлделерге ие болуда. 


«Мәдениет саласындағы жүйелі ынтымақтастық пен серіктестікті жаңарту және жандандыру мақсатында 2020 жылы негізгі бағыттар бойынша республикалық салалық мәдениет ұйымдарының жанынан ұйымдастыру орталықтары құрылды. Қазақстанның әлемдік деңгейдегі мәдени әрекеттестігі сапалы түрде дамып, отандық театр өнері халықаралық қауымдастықта насихаттау  мақсатында 2020 жылдың наурыз айында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жанынан Мемлекеттік театрлар мен театр ұйымдарының театрлық-гастрольдік қызметінің республикалық орталығы өз жұмысын бастады», - деді вице-министр. 


Оның айтуынша, пандемия кезінде де театрдың тігін цехтары мен жекелеген қызметкерлері медициналық маскалар мен бас киімдер тігіп, медицина орталықтарына, қарттар үйі, балалар үйі сияқты қамқорлыққа мұқтаж ұйымдарға қол ұшын созды.