23.06.2021 _ 15:40

Алдын ала нәтижелер вирустың мутациясын анықтап, оның «Дельта» штаммына тән екенін көрсетті

Бүгінде әлемде ауыру санының кезекті рет артуы байқалуды, оның ішінде аурудың жаңа штаммдары көптеп таралуда. Нұр-Сұлтан қаласында COVID-19-бен ауыру деңгейінің өсуіне байланысты вирустың мутацияға ұшырау ықтималдығына қатысты скрининг жүргізілді. Алдын ала нәтижелер вирустың мутациясы анықталғанын және ол «Дельта» штаммына, яғни «Үнді» штаммына тән екенін көрсетті. Бұл туралы Орталық комуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті.

«Денсаулық сақтау министрлігінің жуырда жасаған мәлімдемесінде айтылғандай, түпкілікті қорытынды толық геномдық зерттеу аяқталғаннан кейін белгілі болады.  Өздеріңізге белгілі, бұрын бұл штамм біздің жақын көршілерімізде анықталған болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес «Дельта штаммы» әлемнің 74 елінде тіркелген», - деді Е.Тоғжанов.  


Жалпы, Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы айда коронавирус инфекциясымен ауыру деңгейі 1,7 есе төмендеді. Сонымен қатар, стационарлық емдеудегі науқастар саны 2,1 есеге, амбулаториялық ем алып жатқандар саны 1,7 есеге азайды. 


«Инфекциялық төсек-орындар қоры жеткілікті, олардың 25% ғана, ал реанимациялық төсек-орындардың 21%-ы ғана қолданыста. Бұған халықты вакцинациялау шаралары және эпидемияға қарсы қабылданған нақты шешімдер ықпал етті», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.