23.06.2021 _ 16:10

Жақын арада елімізге вакцинаның басқа түрлерін әкелу жоспарда жоқ

Қазақстанда вакцинация үшін 4 түрлі вакцина қолданылады. Бүгінде вакцинаның басқа түрін әкелуге нақты жоспар жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл халық денсаулығының қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 
«Келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бірақ жақын арада вакцинаның басқа түрін әкелу жоспарда жоқ. Қазіргі кезде көптеген мемлекет вакцинаға қол жеткізе алмай отыр. ДДСҰ мәліметінше, 2 процент деңгейінде вакцинамен қамтамасыз етілген көптеген елдерде жағдай қиындап барады. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, нақты шаралар қабылданып, вакциналар тегін беріліп жатыр. Вакцина жасау оңай дүние емес. Көп жұмыс атқарылды, көптеген келіссөздер жүргізілді. Бір вакцина шығаруға субстанция дайындау үшін 262 реагент керек, оны 7 Еуропа мемлекетінен әкелуге жарты жылдан артық уақыт кетеді. Елімізде 2,4 млн доза вакцина бар. Сіздерді ел арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге атсалысуға шақырамын», - деді Е.Тоғжанов журналистерге қаратып айтқан сөзінде.