23.06.2021 _ 16:30

«QazVac» жеткізуге қатысты барлық өтініштерді қарастырамыз, бірақ бірінші кезекте өз азаматтарымызды қамтамасыз етеміз – вице-премьер

Қырғызстан осы аптаның соңында гуманитарлық көмек түрінде «QazVac» - тың 50 мың дозасы түсетінін мәлімдеді. Егер ел ішінде вакцина тапшы болса, экспорт туралы шешім қалай қабылданды? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтан осы жайлы сұрады. Ол өз жауабында көрсеткіштерге тоқталды: «QazVac» өндірісінің ай сайынғы көлемі 100 мың дозаны құрайды, 1 қыркүйекке қарай ол 600 мыңға жетеді. Отандық өнімнің көлемі жеткілікті.

«Тапшылық жоқ, «QazVac» - тың 30 мың дозасы қалды. Егер өңірлерде болмаса, онда толықтырылады. Иә, вакцина жеткізуді сұрайтын елдер бар, бірақ, ең алдымен, біз өз азаматтарымызды қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан маусым, шілде, тіпті тамыз айларында басқа елдерге жеткізу мәселесі тұрған жоқ. Қырғызстаннан ресми үндеу келді, оны кеше көрдік. Қыркүйек айында 600 мың доза деңгейіне жеткенде, бұл мәселені қосымша көтере аламыз», - деп жауап берді Премьер-Министрдің орынбасары. 


Айта кетейік, «QazVac» балаларда сыналған жоқ. Мұндай клиникалық сынақтарға заң бойынша тыйым салынған. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі басқа вакциналар бойынша қосымша зерттеулердің нәтижелерін күтуде. Әзірлеушілер балаларды вакцинациялауға бола ма, жоқ па, нақты айтады. Қорытындыларды қарап, ведомство тиісті шешім қабылдайды.