24.06.2021 _ 12:20

Кәсіпкерлікке бөлінетін қаржы 2 есеге ұлғайды – Шымкент әкімі

Шымкентте жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 34% құрайды, 69 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісінде 163 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қала әкімі Мұрат Әйтенов осындай мәліметтерді келтірді.


Оның айтуынша, 2025 жылға дейін ШОБ субъектілерінің санын 100 мың бірлікке дейін, онда жұмыспен қамтылғандар санын 190 мың адамға дейін, жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 40% дейін жеткізу жоспарлануда. 


«Ол үшін биыл «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында бөлінетін қаржыны 2 есеге ұлғайтып, 6,9 млрд теңге бағытталды. 2025 жылға қарай бағдарлама шеңберінде бөлінетін қаражат көлемін 25 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Сонымен қатар, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 55 жобаға 816 млн теңге бөлінді. Шағын және орта бизнеске екінші деңгейлі банкттер тарапынан 17,8 млрд теңгеге несие берілді», - деді Әйтенов.  


Сондай-ақ, кәсіпкерлерге оңтайлы жағдай жасау үшін «Кәсіпкерлерге арналған Үкімет» фронт-офисі жұмыс істеуде. Жыл басынан бері оның көмегіне 2325 кәсіпкер жүгінген.